Бүгін жазушы Сәбит Мұқановтың музей-үйіне Халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевтың ұрпағы, белгілі қаламгер, аудармашы, сазгер Бақытжан Кененұлы арнайы келді. Қазақ руханиятының қос бәйтерегі – Сәбит Мұқанов пен Кенен Әзірбаевтың достығы бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Бақытжан аға өткен күндердің парақтарын ақтарып, Сәбеңнің әкесінің өнері мен тұлғасына деген шексіз құрметін, қиын сәттерде көрсеткен қамқорлығы мен демеуін, асқан кішіпейілділігін, сондай-ақ олардың арасындағы шынайы сыйластық пен құрметке негізделген достық хикаяларын ерекше ықыласпен әңгімелеп берді. Кездесу барысында Бақытжан Кененұлы өзінің бес томдық жинағын музей кешеніне табыс етті. Музей атынан 2024 жылы жарық көрген «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясын сыйға бердік. Біз үшін ұлы тұлғалардың тарихын жаңғыртып, музей қорын және мұрағатты толықтыру – үлкен мақтаныш. Арнайы келген қадірлі қонағымызға алғысымызды білдіріп, шығармашылық табыс тілейміз!