Өмірбаян

Қайырбеков Әділғазы Жақсылықұлы, 1955 жылдың 10 қаңтарында Абай облысы (бұрынғы Семей облысы) Ақсуат ауданынының Қожагелді ауылында туған. Ақын, әдебиеттанушы. Филология ғылымдарының кандидаты. ҚР Мәдениет қайраткері, Республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты. ҚР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет Грамотасымен, Алматы қаласы Әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Ерен еңбегі үшін», «10 жыл Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 30 жыл» медальдарымен, ТҮРКСОЙ-дың «Тоқтоғұл–150» мерекелік медалімен, ҚР Ұлттық бизнес-рейтингінің «Даңқ жұлдызы» орденімен марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрген (2014).

Қ.И.Сәтбаев атындағы қазақ орта мектебін 1972 жылы бітірген. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың филология факультетін 1978 жылы тәмәмдаған. С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйінде экскурсовод (1978–1979), Қазақ телевизиясының Жастар редакциясында редактор (1979–1981), “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде Мәдениет және Әдебиет бөлімдерінің тілшісі, меңгерушісі (1981–1991), ҚР Парламентінің “Халық Кеңесі” газетінде Руханият бөлімінің меңгерушісі (1991–1996), Еларалық “Қазақ Елі” газеті бас редакторының бірінші орынбасары – “Шалқар” қосымшасының редакторы (1996–1999), “Қазақ Энциклопедиясы” Бас редакциясының жетекші маманы (1999–2000) болып қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар одағы Поэзия кеңесінің төрағасы болған. 2000 жылдан Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры (жетекшісі).

Дулаттың, Абайдың, Мұхтардың, Мұқағалидың, Қожаберген жыраудың, т.б. мерейтойларына орай өткізілген жыр мүшайраларының бірнеше мәрте жүлдегері. «Мағжан көктемі-2017» республикалық өнер фестивалінің 1-орын иегері. 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі зерттеу еңбектің авторларының бірі. Өлеңдері «Екімыңжылдық дала жыры» (2000), «Жыр маржаны» – 10 томдық қазақ поэзиясының антологиясы (2014), 3 томдық «Антология современной казахской литературы» (Москва, 2014) кітаптарына енген.

Қазақ әдебиетінің классиктері, академик-жазушылар С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенін басқарған жылдарда 50-ден астам халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасады, 50-ге жуық кітаптарға редактор, құрастырушы, рецензент болды. Солардың бірі – 90 баспа табақтық (1200 бет) Ғ.Мүсіреповтің «Таңдамалы шығармалары» эксклюзивті жинағының («Қазақпарт», 2012) құрастырушысы. «Кәдімгі Сәбең» (2008) және «ҒажайыпҒабең» (2012) атты арнау өлеңдер жинақтарының құрастырушысы әрі жауапты редакторы, т.б. «Мұқановпен серуен» – «Прогулки с Мукановым» жобасы Халықаралық музейлер проблемаларына арналған конференцияда (Алматы, 2013) бас жүлдені жеңіп алған.

Ә.Қайырбековтің шығармашылық жетістіктері туралы әр жылдарда Мұзафар Әлімбай, Әзілхан Нұршайықов, Шерияздан Елеукенов, Аян Нысаналин, Темірхан Медетбек, Тұрсын Жұртбай, Исрайыл Сапарбай, Зейнолла Тілеужанов, Несіпбек Айтұлы, Тұрсынжан Шапай, Бауыржан Жақып, Аманхан Әлімұлы, Әнуар Тарақ, Темірхан Тебеген, Мінуар Әкімхан, Қасымхан Бегман, т.б. ой-пікірлерін білдіріп, ақындық өнерінің озық қырларына оң бағаларын беріп отырған.

Әділғазы Қайырбеков өзінің өлеңдерінде лирикалық қаһарманның ішкі жан дүниесіне көп үңіледі, тәуелсіздік мұраттарын, ұлттық арман-аңсарларды жеткізуге көп ден қояды. Ұлттық санамызды оятуға, тарихи жадымызды жаңғыртуға озық идеялы, бейнелі, көркем тіл кестесі айшықты жырларымен үлес қосуда. Соңғы жылдарда оқиғалы өлеңдер – балладалар жазуда шеберлік шыңдап, жаңа өріс ашқаны байқалады. Толғаулары мен поэмаларының көтеретін жүгі салмақты, тақырыптары ауқымды, тынысы кең.