әріптестер лебізі

Сұмдықты қаралап, шындықты даралап, Сезімнің бояуын үйрендік саралап. Кешірім сұрадым кең пейіл досымнан, Жүрегін дық алар сөзбенен жаралап, - деп ақтарылған Әділғазының ақ жүрек кейіпкерінің сыры ақынның өнердегі өз нысанасына нұсқағандай: Өмірде мейлі ғой, ал енді өнерде Ешқашан кешірім сұрауға жазбағай! – («Кешірім сұрадым») дейді ол. Жас ақын көңіл күй, сезім әуендерін пернелеуге, сыршылдыққа құштар.

Тұрсынжан Шапай

«Шер шертер» – Ә.Қайырбековтің шеберлік биігіндегі жемісті еңбегі. Әділғазы өлеңдерінің өрнегі де өзгеше. Өз толқынының, тіпті алдыңғы ағаларының таптаурын сүрлеуіне соқпай, соны соқпақ салған. Өзі «Сыр сұлуын» айтып жүріп жасымда, Жыр сұлуға ғашық болып едім мен» - дегендей, сұлулықтың киесін сезген ақын сұлу жырларымен жүрек, сезімді сусындата алған. Ең бастысы, «Өлеңнің алма бағы гүлдегенін» көрдік, алда жемісін молынан жинасын.

Әнуар Тарақ

Кітаптың өн бойында өрісі кең, өресі биік өлеңдер аз емес. «Шер шертердің» басты тақырыбы – махаббат пен мұң. Бұнда туған ел-жұрт, дос-жаран, замандасқа деген сүйіспеншілік кестеленеді. Әділғазының мұңшылдығы сыршылдыққа, сыршылдығы сырбаздыққа ұласады. Кішкентай ғана әп-әдемі табиғат суреті! Түбінде санның сапаға айналатынына көз жетеді. Ә. Қайырбековтің шеберлігі шыңдалып келе жатқан ақын. Шебер кез келген күлдібадам қарайғанға қайырыла бермейді.

Аян Нысаналин

Бес бөлімнен тұратын жаңа жинаққа көңіл-күй, махаббат, табиғат тақырыбына арналған өлеңдер топтастырылыпты. Ақын ауыздығымен алысқан асау арғымақтай асып-тасып, абдырай, таудың мөлдір бұлағындай сылдырап қана сыр шертеді. Ойы ұшқыр, қаламы қарымды ақынның жаңа кітабында біз тани алмаған тағы басқа да тартымды өлеңдер көп болуы мүмкін. Сондықтан «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, ойлы өлеңнің отына жылынғысы келген оқырман осы кітапты тауып алып, өзі-ақ көз тоқтатады.

Мінуар Әкімханов

... Тәуелсіздік тақырыбына арналған лирикалық өлеңдерде ел тарихының ежелгі батырлық, ерлік, елдік шежіресін жаңғырта жырлау ерекше байқалады. Мысалы, талантты ақын Әділғазы Қайырбековтің «Азаттық алауы» өлеңінде ата-бабадан келе жатқан ұлы мұрат – Азаттық жолындағы күрестің үздіксіз болған белестерін еске алады. Қазақ тарихындағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы Алаштың, Абылайдың атын ұран етіп аттанған қарға тамырлы қазақ халқының Тәуелсіздік, Азаттық жеңістерін мәңгілік сақтайтынын жырлайды.

Темірхан Тебегенов

Ішкі бұлқынысын үндемей жүріп таныта келген Әділғазының Алаш сыйлығын алған жаңа жинағынан жаңа леп еседі. Бір өлеңім бір тал ғана шырпыдай, Сезім отын лап еткізсе шіркін-ай! – деп, армандай отырып, өлеңнің өрде жатқан белжайлауына қалай көтеріліп кеткенін өзі де аңғармай қалады. Табиғатта таныдым бояу көбін, Жасыл жапырақ алады баяу демін. Міне, шын ақын осылай сөйлеу керек. «Жапырақтың баяу дем алғанын» ақын ғана көріп, ақын ғана сезіне алмақ. «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» деп Мұқағали айтпақшы, бір жолы бір өлеңге татитын ақындардың қатары көбейе берсе қазақ өлеңінің мұртын балта кеспейтіні анық.

Несіпбек Айтұлы

... Ақын Әділғазы Қайырбековтің «Ақ тұма» поэмасында тағы да бір мәңгілік тақырып – махаббат туралы сыр шертеді. Махаббат оты екі жас бірі тұтатып, екіншісі үрлеп тұрмаса маздап жарытпайды. Лирикалық кейіпкер Айнұр деген қызды сүйеді. Оның өзіне Толқын кет әрі емес. Ақыры басқа қалада жүрген Айнұр күйеуге шығып кетеді. Толқын жігіт салқындығын сезінген соң өз жөніне тартады. Автор көңілсіз хикаяның ебеп-себебін ашып жатпайды. Кім кінәлі? – дейтін машықты сұрақ қойылмайды. Поэма тәмәм. Не деді? Дегені – махаббаттың бақыт құсы екендігі. Біреуге қонады, біреуге қонбайды.

Шериаздан Елеукенов

Қазіргі қазақ поэзиясында өз орнын тауып, бұлжымастай боп нық орнығып алған Әділғазы о баста әдебиет табалдырығын аттағанда от ала келгендей алқын-жұлқын аптығып та, кез-келген нәрсеге шамшылдық танытып, беттен алып тіліп жіберетін мінез де көрсетіп келген жоқ. Яғни, ол алға ұмтылып, жұлқынып сөйлегеннен гөрі, өзіне тығылып сөйлегенді жөн көрді. Ақын жаны мембрана сияқты. Ол қоғам мен уақыт бойында да, адам мен заман бойында да толассыз жүріп жататын қалт еткен қимыл мен жылт еткен сезімге дейін бірден-ақ селт етіп сергектік танытады.

Темирхан Медетбек

Әділғазы өлең іздеген ақын. «Жандауа» деген кітаптың атының өзі айтып тұрғандай. Адамның кейде жаны жүдейтін сәттері болады. Сондай кезде жақсы жырлар оқып, тамаша ән мен күй тыңдасаң көңілің қанаттанып қалмаушы ма еді!? Бұл да сондай құбылыс. Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген жақсы мәтел бар. Мұны айтып отырған себебім: Әділғазының нағашысы он алты жасында Көктұма құрылтайында атақты әнші, әрі ақын, композитор Әсет Найманбаевты айтыста жеңген Кәрібай Таңатарұлы. Бұл сол Кәрібайдың жиені. Өз басым өлеңнің киесі болады дегенге қатты сенемін. Гректер оны «Муза» деп атаса керек.

Зейнолла Тілеужанұлы